Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Рәміздердегі нышандар арқылы ұлтымыздың әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Сондықтан да, бұл күн барша қазақстандықтар үшін патриоттық пен намыстың мерекесі!
Егемендікке қол жеткізген сәттен бастап еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, елдің тарихы мен құндылығын әлемге танытар Елтаңбамызбен және елдің рухын көтеретін Мемлекеттік Гимнімізбен айбынды ел бола білдік.
Көк байрақ кемесін алысқа бағыттап бара жатқан жас мемлекетіміздің ниет-тiлегiнiң тазалығын көрсетеді. Ол желмен жарысып жазыла түскенде, теңіздей толқитын бауырынан біздің асқақ, азат, бостан рухымыздың дауысы естіледі. Нұрын шашқан алтын күн өмірді, уақытты, бейбітшілік пен байлықты бейнелейді. Қанатын кеңге жайған қыран бүркіт бейнесі жас егемен Қазақстанның әлемдік өркениетке ұмтылуын білдіреді.
Елтаңбада бейнеленген шаңырақ бір тұтастық пен татулықты, елімізді мекендейтін барша халықтардың бірлігін меңзейді. Алтын түсті пырақтар сенімділік пен ерік күшті, батылдықты бейнелеп, пырақтың қанатындағы алтын масақ елдің еңбексүйгіштігінің бейнесі. Төрдегі алтын түстес бес бұрышты жұлдыз бен уықтар Ұлық Ұлыстың мұрагері Қазақстанға жол нұсқап тұр.
Айбарлы Әнұран оң қолымыздың алақанын жүрек тұсына қойып шырқағанда елдік жолындағы ерлікті, бабалар аманаты мен Мәңгілік ел болуға белін бекем буған буынның үнін сезіндіретін қастерлі жыр.
Ардақты ағайын! Біз нышандарымызды өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, ашықтық, бейбiтсүйгiштiк, еркiндiк пен келiсiм негiзiнде Мемлекет басшысы айқындаған Жаңа Қазақстанды жүзеге асыратын боламыз. «Туы биік елдің – тұғыры биік» деген дана халқымыз. Азат елдің символы саналатын рәміздерімізді әрқашанда құрметтеп, қастерлей білу – Отан алдындағы ұрпақтардың борышы.
Ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдымызға дербес мемлекет болып қалыптастық. Тағдыр бізге ендігі жерде тек қана тұғыры биік Туымызбен, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамызбен және патриоттық рухты көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды да мәңгілік ел болуға жазсын!
Бірлігіміз жарасып, еліміздің жарқын болашаққа бастар жолында нық қадам жасап, ынтымағы жарасқан ел болайық! Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, рәміздіріміздің мәртебесі биік болсын!
©️ Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі