Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
“Құрметті жерлестер!
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен республикалық іс-шаралар тізіміне енгізілген болатын. Жыл басынан бері ел көлемінде ауқымды түрде атап өтілуде.
Ал, батырдың туған күні қарсаңында Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданында өткен екі күндік ауқымды шаралар — ел рухын көтерген, тарихымызды ұлықтаған ерекше сәттер болды.
Облыс орталығындағы өткен «Ғасырларға жалғасқан ерлік» атты форумда айтулы меймандар бас қосып, батырдың өмір жолы мен ерлігі жайлы терең мазмұнды ойлар ортаға салынды. Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, бұл шараның жастарға берер рухани маңызына тоқталды.
Ал Қобда жерінде өткен «Әлия – қаһармандық дастаны» атты этно-мәдени іс-шара – нағыз рух пен салттың тоғысқан мерекесіне айналды. 80 киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар мен өнер көрсетілді. Бұл – халықтың бірлігі мен батырға деген шексіз құрметінің көрінісі.
Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған гала-концерт, лазерлік және дрон шоуы көрерменге ерекше әсер сыйлап, жұртшылықтың көңілінен шықты.
Батыр қызымыз Әлияның есімі — ел жүрегінде. Біз оның ерлігін әрқашан мақтан тұтамыз, рухына бас иеміз. Оның ғасыр тойы – тек тарихи тағылым емес, ұлттың рухын көтерер ұлы іс-шара.
Осы маңызды мерейтойды жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға, меймандарға және өңір халқына шынайы алғысымды білдіремін.
Сіздердің еңбектеріңіз — елге қызмет етудің үлгісі, ұрпақ тәрбиесіне қосқан толассыз үлес.
Рухымыз асқақ, бірлігіміз бекем болсын! ✊🇰🇿
Жұмыстарыңызға табыс, елдік істеріңізге абырой тілеймін!”