Областная газета «Актюбинский вестник»

Все новости Актобе и Актюбинской области

ЕЛІН CҮЙЕР АЗАМАТ ЕДІ…

Алдыңғы буын қатарына бекем енген, ақсақалдықтың әңгімесін айтып, жөн-жобасын ретімен білдіріп отыратын жаны жайсаң азамат Келдібай Еспағамбетұлы өмірден озды деген жайсыз хабарды естіп, қабырғам қайысып отыр.

«Ел азаматы, ел ағасы» деген қасиетті де қастерлі ұғым бар. Ол дәрежеге екінің бірінің қолы жете бермейді. Сондай-ақ, ол кез-келген адамға айтылмайды. Қандай сын сәтте де көпшіліктің ортасынан табылып, жөн сөзін айтатын, елдіктің әңгімесін қозғай алатын кең жүректі азамат ретінде мен Келдібай Еспағамбетов ағамызды алғашқы лекте үлгі болды дер ем.

Көп жылдардан бері атқаратын негізгі қызметі — Қазақстан Республикасының «Бейбітшілік және келісім» кеңесінің Ақтөбе облыстық филиалының төралқа төрағасы. Бірақ оның күнделікті тіршілігі осы бір қызмет аясында шектеліп қалмады. Ол — қоғамға керек адам еді!

Содан болар ақырғы демі жеткенше халықтың ортасында, елдің ішінде жүрді.  «Баршақұмның баласымын» деп мақтанатын, Байғаниндей кең байтақ өлкеде өмірге келген ағамыз ұзақ жылдар ауылшаруашылығы саласында табысты еңбек етті.

Шаруашылықтың дамуына үлес қосып қана қоймай,  мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысты. Облыс орталығында қазақ мектептерінің ашылуына себепкер болды.

Сонымен қатар облыс әкімдігі жанынан құрылған нәсихат тобының тұрақты мүшесі ретінде жұртшылыққа көбірек шығып, көп мәселенің түйінін жан ауыртпай шешуге үлкен үлес қосқанын барша халық ұмыта қойған жоқ. Облыстық қоғамдық кеңестің комиссия төрағасы, сондай-ақ облыстағы халық Ассамблеясының мүшесі ретіндегі Келдекеңнің кеңесі көпшіліктің кәдесіне жарады.

Келдібай Еспағамбетұлының  ел адамы екендігінің бір мысалы — осындай еді. Ол шын мәнінде ел баласы болып қалыптасты. Сондықтан да қай тұста болмасын, елдік шаруалардан тыс қалған емес. Республикада алғаш болып Ақтөбеде бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы алғаш іске асқан шақта Келдібай Еспағамбетұлы өз меншігінен өңіріміздің кез-келген аз қамтылған отбасына 1 сиыр мен 5 қойды жәрдем ретінде тегін беретіндігін айтты. Бұны халқына деген қайырымдылық үлгісі деп бағалауымыз керек.

«Ауыл аманаты» жобасын ел-жұртқа насихаттап, әлеуметтің әлеуеті көтерілсін деп жүгірген де осы кісі еді. Ауылда ішкілік азайсын, жастар жұмыспен қамтылсын, газы мен су тартылсын деп аманатқа қиянат жасамауды ойлап тұратын ар азамат еді.

Ағамыз үнемі жымиып жүретін, адамзаттың барлығын бауырындай көретін, не айтса да тура айтатын. Адами іс-әрекеті мен қайраттылығының арқасында көпшілікке үлгі, көрнекті қоғам қайраткері, жұртшылықтың қамқор ағасы болып жүрегімізде қала береді.

Ақтөбе облысының құрметті азаматы, облысқа еңбегі сіңген төсбелгісінің иегері, ҚР Ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері, академик, «Құрмет» орденінің иегері, басқа да көптеген мәртебелі марапаттарға лайық жан Келдібай Еспағамбетовтың біз елге үлгі етер бірқатар еңбегі осындай.

Тіршілігінде өнегесін көрген аяулы аға бақилық сапарға аттанғанымен, мейірімді дидары мен асыл қасиеттері жадымызда мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Келдібай Еспағамбетұлының артында қалған бала-шағасына, туған-туыстарына, барша ақтөбеліктерге қайғырып көңіл айтамын. Ағамыздың топырағы торқа, жаны жаннатта болғай.

Қош бол, абыз ақсақал Келдібай аға!

©️  Ералы Тоғжанов

Колонка "Взгляд"