«Ана тілі»
Президенттің бес әлеуметтік бастамасында жоғары білімнің қолжетімді болуына ерекше мән берілген. Себебі біріншіден, ол адами капиталдың сапасын көтеретін – бірден-бір фактор. Ал адами капитал – Қазақстанның жан-жақты дамуының негізгі іргетасы. Екіншіден, білімді ұрпақ тәрбиелеудің жолы. Себебі жыл өткен сайын елімізде мектеп түлектерінің саны өсіп келеді. 2016 жылы 121 мың оқушы мектеп бітірсе, 2017 жылы олардың саны – 136 мың, 2018 жылы 147 мың болды. Бұл сан әлі де арта түседі. Себебі ендігі түлектер туу көрсеткіші өсе бастаған 2000 жылдары өмірге келген. Енді олар үшін грант санын көбейту қолға алынды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жыл сайын бакалавриат бойынша 30 мыңнан астам мемлекеттік білім грантын бөледі (2014-2015 оқу жылы – 34 мыңнан астам, 2015-2016 оқу жылы – 32 мыңнан астам, 2016-2017 оқу жылы – 31 мыңнан астам, 2017-2018 оқу жылы 37 мыңнан астам грант). Егер бір мемлекеттік грантқа өтініш білдірген түлектердің санын қарастырсақ, онда келесідей көрініс пайда болады: 2016 жылы 1 грантқа – 2,6 адам, 2017 жылы 2,8 адам таласқан. Елбасының тапсырмасымен жыл сайын бөлінетін жалпы саны 54 мың грантқа қосымша биылғы оқу жылында тағы 20 мың грант бөлінеді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалавр дәрежесіне тиесілі болмақ. «Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді». Сондай-ақ Президент бұл құжатта техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру туралы тапсырма берді. Бұл осы мамандықтарға деген қызығушылықты арттырады, әрі қосымша гранттар ЖОО-ға қосымша табыс та түсірмек. Осы арқылы оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі артады. Ал бәсекеден сапа туады.
Жалпы алғанда, бастаманың жан-жақты ойластырылғанын байқаймыз. Себебі студент санының артуы білім беру инфрақұрылымына салмақ түсіреді. Қосымша жатақхана салуға түрткі болады. Осы орайда, Мемлекет басшысы 2022 жылға дейін 75 мың орындық студенттік жатақхана салуды тапсырған болатын. Статистика комитетінің мәліметінше, қазірдің өзінде Қазақстанда 496209 студент бар. Оның 131292-ы Алматы қаласында білім алып жүр. Мұнда 30 мың орынды 94 жатақхана жұмыс істейді. Жуырда 9 қабатты студенттер үйі пайдалануға берілді. Ол С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне тиесілі. Алдағы уақытта қалада 22 мың орындық 37 жатақхана салынатын болады.
Елбасы көтерген бес бастаманың аясында өңірлерде де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жатақхана тұрғызу жұмысы басталып кетті. Мәселен, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуға келген студенттерге арналған 11 жатақхана салынады. Қазір бұл оқу орнында 5 мыңға жуық жас оқып жатыр. Олардың 1700-ден астамы жатақханада тұрады. Батыс Қазақстан облысында да төрт студенттер жатақханасы бой көтермек. Бұл туралы өңір басшысы Алтай Көлгінов облыстық мәслихаттың ХVІ сессиясында мәлім етті. Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті жанынан 2022 жылға дейін 344 орындық төрт жатақхана салынады. Ақтауда 3 мың орындық үш жатақхана, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты аумағынан да «Студенттер үйі» және 200 орындық жатақхана тұрғызу жоспарланған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті де 500 студентке арналған жатақхана салуды жоспарлап отыр. Тізе берсек, бұндай жұмыстар әр аймақта да қолға алынып жатыр. Бұл да болса, білім алуға құштар жастардың жағдайын жасап, ел ертеңіне қызмет етер азамат тәрбиелеп шығаруда жасалған үлкен қадам болса керек. Ал білімге құйылған инвестиция – ең жақсы инвестиция екенін тарих дәлелдеген.