Областная газета «Актюбинский вестник»

Все новости Актобе и Актюбинской области

⚜️ Облыс әкімі Асхат Шахаровтың Жеңіс күніне арналған құттықтауы

Ардақты ағайын!

9 мамыр – халқымыздың қайсар рухы мен өлшеусіз ерлігін ұлықтайтын айырықша мереке. Бұл – Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігіне, тылда аянбай еңбек еткен жандардың төзімі мен табандылығына тағзым ететін қастерлі күн. Біз бейбіт өмір мен бүгінгі азат күн үшін жанын қиған боздақтардың жарқын бейнесін әрдайым жүрегімізде сақтаймыз.

Соғыс жылдары Ақтөбе өңірінен 122 мыңнан астам азамат майданға аттанды. Солардың 36 мыңы туған жерге оралмады. Ел қорғаған ерлердің өлшеусіз жанқиярлығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Өңірімізден 35 Кеңес Одағының Батыры шықса, 9 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

Жеңіс күніне орай өңіріміздің барлық елді мекенінде батырлар рухына тағзым ету шаралары ұйымдастырылуда.

Даңқ обелискісіне және Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, қаһармандар рухына құрмет көрсеттік.

Сондай-ақ, Хромтау ауданының тұрғыны, ардақты ардагеріміз Василий Грецкийдің шаңырағында болып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мерекелік құттықтауын жеткіздім. Қарияның өнегелі өмір жолы – кейінгі буын үшін өшпес тағылым.

Қадірлі жерлестер!

Туған еліміздің Тәуелсіздігі тұғырлы болып, көк байрағымыз әрдайым бейбіт аспан астында желбірей берсін!

Баршаңызға зор денсаулық, амандық және бейбіт өмір тілеймін!

Жеңіс күні құтты болсын!

Колонка "Взгляд"