Областная газета «Актюбинский вестник»

Все новости Актобе и Актюбинской области

⚜️ Өңір басшысы Асхат Шахаровтың Ұлттық Домбыра күнімен құттықтауы

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Домбыра – қазақтың жаны, үні, сан ғасырлық тарихымыз бен тағдырымызды, салт-дәстүріміз бен рухани болмысымызды бүгінге жеткізген қасиетті мұра. Қос ішектен төгілген әр күй – халқымыздың қуанышы мен мұңын, ерлігі мен өрлігін, даналығы мен даралығын баяндайтын мәңгілік шежіре. Күмбірі – ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы, елдік пен бірліктің символы.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау мен дәріптеу – мемлекетіміздің іргесін нығайтудың маңызды негізі екенін әрдайым атап келеді. Ұлттық домбыра күнінің аталып өтуі – төл өнерімізге көрсетіліп отырған зор құрметтің айқын белгісі.

Өңіріміз – күй мен жырдың, дәстүрлі әннің тамыры тереңге жайылған өрісі кең өлке. Бүгінде Қазанғап Тілепбергенұлы, Сейтек Оразалыұлы сынды ұлы өнер саңлақтарының мұрасы мен тағылымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ел руханиятының алтын арқауына айналды. Соның жарқын көрінісі – биылғы наурыз айында «Ер Едіге» эпостық өнер мектебінің тәрбиеленушілері батырлар жырларын 24 сағат бойы үздіксіз орындап, әлемдік рекордқа қол жеткізді.

Кеше Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шара барысында сол мектептің шәкірті Алтынай Жетесоваға танымал ақтөбелік шебер Ерқосай Әбілев жасаған домбыраны табыстадым. Ағамыздың қолынан шыққан туындыға қол жеткізу жас өнерпаздың көптен бергі арманы еді. Мемлекет әрқашан алғыр, рухты, өнерлі, дарынды әрі креативті жастарды қолдауға дайын.

Домбыра тарта білетін адамның орны қашан да төрде, ел ішінде де сыйлы. Өйткені домбыра – ұлттық өнеріміз бен тәрбиеміздің ажырамас бөлігі. Сондықтан әр қазақтың үйінде домбыра болғаны абзал. Балаларымыз домбыраның үнін естіп өссе, ұлттық құндылықтарымызды да бойына сіңіріп, төл өнерімізге құрметпен қарайтынына сенемін.

Ұлттық өнерді ұлықтап, өрісін кеңейтіп жүрген күйшілерге, жырауларға, ұстаздарға, қолөнер шеберлеріне және өнерсүйер қауымға осы мерекеде зор ризашылығымды білдіремін.

Домбыраның қоңыр үні әр шаңыраққа құт-береке әкеліп, халқымыздың бірлігі мен рухын асқақтата берсін!

Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

Колонка "Взгляд"